"Жаңартылған білім беру бойынша оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер"
2019 жылдың 18 қараша күні Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімі әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен №17 Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп базасында "Жаңартылған білім беру бойынша оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер" тақырыбында мектеп директорының ғылыми-әдістемелік орынбасарлары, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және әдістемелік бірлестік жетекшілеріне арналған аудандық семинар-кеңес өтті.
Семинарды мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Успанбаев Әділбек Несіпбайұлы ашып, семинардың мақсатымен және келген қонақтармен таныстырып, "Жаңартылған білім беру жағдайында белсенді әдіс-тәсілдерді қолданудың маңызы" тақырыбында ұстаздармен тәжірибе алмасу жүргізді. Семинарға Тараз қаласы Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері Токтаганова А.С және Алтаева Ш.Қ қатысып әдістемелік көмек көрсетіп, жаңартылған білім беруде жиынтық бағалауды жүргізу және модерация тақырыбында тренинг-сабақтар өткізді. Сонымен қатар "Ұстаз" білім беру орталығының Жуалы ауданы бойынша Менторы Асилова Айнұр Үсенқызының қатысуымен "Үш тілді білім беру" мазмұны бойынша курсты бітірген мектебіміздің химия, биология пәнінің мұғалімі Коштаева Нұрбала Тұрғанбекқызы 8- сынып оқушыларымен "Химиялық реакция типтері" тақырыбында сабақ өткізіп, тәжірибесімен бөлісті.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздарының ұйымдастыруымен оқушылар Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, марафонды жалғастырды. Мектеп фойесінде тақырыпқа сай көрме жасалып, мектептің осы бағыттағы жүргізіліп жатқан жұмыстарымен таныстырылды.
Семинар соңында Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Жүзбаев Ерназар семинарға қатысқан ұстаздарды аудандық білім бөлімі басшысы М. Айжановтың Алғыс хаттарымен марапаттады. Семинарға келген қонақтарға мектеп директоры Сегизбаева Зауре Илиятқызы шығармашылық табыстар тілей отырып, аудандық білім бөліміне өзінің ризашылығын жеткізді.